shkolaput.ru 1 2 3 4

Жастар саясаты


Жастар кәсіпкерлігінің дамуы



Қоғамдық ой



Отбасы ішіндегі қарым-қатынас


Отбасы ішіндегі қарым-қатынас

Тұлға

Мәліметтік ағымдар

Мәліметтік ағымдар


Тұлға







Сурет 1. Экономикалық жүйедегі жастарды жұмыспен қамтуды басқарудың көп деңгейлі үлгісі





2-сурет . Экономикалық жүйеде жастарды жұмыспен

қамтуды басқару жүйесі

Ескертпе автор құрастырған


Жас кезінде адам жеке тұлға ретінде қалыптасады, және дәл осы мерзімде оның өмірінде негізгі оқиғалар болады, оның еңбек жолы және ЖІӨ-ге қосқан үлесі әрі қарай көбінесе соларға байланысты болады. Оған білім алу, некеге тұру, балаларының дүниеге келуі және т.б. жатады. Осылардың барлығы көп адамның дәл осы жастық шағында болады.

Адам өміріндегі кезеңдерінің тізбекті ауысуы барысында оның дамуының кері айналмайтын кезеңдері жүзеге асады: балалық шақ, жасөспірім жас, кемел жас және қарттық. Уақыт өте олар бір-бірін алмастырады. Бір қарағанда адам жасы адам ағзасының өмірлік шектерін анықтаушы биологиялық индикатор ғана болып табылады. Бірақ та ол мүлдем бұрыс пікір. Адам ағзасындағы антропометриялық, физиологиялық және психологиялық өзгерістер біркелкі жүрмейді. Осыған байланысты адамды және оның іс-әрекетін зерттеу мәселелерімен айналысатын физиология, социология, статистика, экономика және демография сияқты ғылыми бағыттарда адамның жас шектерін анықтау кезінде сан алуан тәсілдемелер қолданылады.


Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты жөніндегі» заңына сәйкес жастар - бұл 16 жастан бастап 29 жас аралығындағы Қазақстан Республикасының азаматтары, шет мемлекеттердің азаматтары және Қазақстан Республикасы аумағында тұрақты өмір сүріп жатқан азаматтығы жоқ тұлғалар.

Заңнамада анықталған еңбек ресурстарының төменгі шекарасы болып 16 жас есептелетіндігін, сондай-ақ осы жасқа қарай жас адамда бұлшық ет пен сүйек жүйесі қалыптасатындығын және оның белгіленген жұмысты орындай алатындығын назарға ала отырып, осы жас жұмыс істеу кезеңінің заңды негізделген бастапқы сатысы болып табылады.

Сонымен қатар, дәл осы жаста жастардың басым көпшілігі жалпы білім мектебін аяқтайды және әр түрлі себептерге байланысты ЖОО-ға немесе басқа білім мекемелеріне түсе алмағандары өзінің төмен біліктілігімен ерекшеленетін белгілі бір еңбек түрімен айналыса бастайды.

Қазақстан Республикасында 1998 жылдан бастап 2001 жыл аралығында Қазақстан Республикасының 1997 жылдың 20 маусымында қабылданған «Қазақстан Республикасында зейнеткерлікті қамтамасыз ету жөніндегі» заңына сәйкес зейнеткерлік жас өзгертілді. Қазіргі кезде олар әйелдер үшін 58 жас және ерлер үшін 63 жас деп қабылданған.

Қазіргі таңда физиологтар былай деп тұжырымдайды, яғни отыз жастан асқан жас адамның денесінің өсуі, бұлшық еттерінің ұлғаюы, басы мен бас миының көлемінің өсуі өз жалғасын табады және осы процесс ер адамдарда әйел адамдарға қарағанда ұзағырақ созылады.

Жоғарыдағы барлық айтылғандарды жалпылай отырып, Қазақстан Республикасында жастардың еңбек ресурстарының жоғарғы шектері әйелдер үшін 16-32 жасты, ал ерлерде 16-34 жасты құрауы тиіс.

Бұған сәйкес, заңнамада және тәжірибелік қызметте жастардың еңбек ресурстарының жас шектерінің ұлғаюы статистикалық материалдарды өте объективті түрде өңдеуге және осы санаттағылар санын талдауға ғана ықпал етіп қоймай, сонымен бірге зор ғылыми нәтижелерге қол жеткізу мүмкіндігіне, жастар өмірінің жағдайлары мен өмір сапасын жақсартуға, оның кәсіби және шығармашылық әлеуетін дамытуға, сондай-ақ ұсынылатын жас аралығында өте өнімді қызметті жүзеге асыруға ықпал етеді.


Бұл айтқанды қорта келе, жастар еңбек ресурстарының жастық есептік кезеңін алтын кесік әдісін қолдана отырып дәлелдеуге болады. Леонардо да Вин­чи 8 және 13 сандарының қатынасын алтын бөлік, ал заңның өзін – «алтын кесік заңы» деп атаған.

«Алтын кесік» заңына сәйкес жастардың еңбек ресурстарын зерттеу 8 бөліктен тұрады (немесе 38,1% 8:13 қатынасында), бұл орайда 13 бөлік (61,9%) – бұл қалған еңбек ресурстары. Соған сәйкес, барлық еңбек ресурстары 21 бөлікті, яғни 100%-ды құрайды.

Жастардың еңбек ресурстарының төменгі жас шегі 16 жасты қабылдай және «алтын кесік» әдістемесін қолдана, сондай-ақ Қазақстан Республикасында ерлер үшін еңбек белсенділік кезеңі 47 жасты құрайтындығын, яғни 63-16 жас аралығын ескере отырып, келесідей әрекетті орындаймыз: 47 : 21 · 8 = 17,9 жас, бұл жастардың ерлер еңбек ресурстары үшін «алтын кесік» екенін анықтаймыз.

Осылайша, еңбек ресурстарының төменгі шекарасы 16 жасты құрайды, яғни, соған сәйкес, жас ерлердің еңбек ресурстары үшін жоғарғы шекара — 33,9 жас (16 + 17,9) немесе 34 жас болады.

Бұл жағдайда жастар арасындағы әйел еңбек ресурстарының жоғарғы шекарасы, біздің есептеулерімізге сәйкес, ерлермен салыстырғанда басқаша болады, яғни Қазақстан Республикасындағы әйел адамдардың еңбек ету белсенділік кезеңі ерлерден өзгеше болады және 42 жасты құрайды, яғни 58-16. Осындай есептеулерді жүргізгеннен соң, біз 32 жасқа тең жоғары шекараны анықтаймыз (42 : 21 · 8 + 16).

Осы есептеулер және қорытындылар жастардың еңбек ресурстарының жас шекараларының негіздемесі болып табылады, біздің анықтауымыз бойынша әйелдер үшін 16 жастан 32 жасқа дейінгі және ерлер үшін 16 жастан 34 жасқа дейінгі аралықта болады.

Сұлба түрінде 3-суретте жастардың еңбек ресурстары Қазақстан Республикасы еңбек ресурстарының жалпы құрылымында айқындалған.

Дегенмен, еңбек ресурстарының жас тобы (16-34 жас) сан жағынан да, сапа жағынан да өмір сүру сипатына, білім деңгейіне, өмірлік қажеттіліктеріне байланысты әркелкі болып келеді. Сондықтан да, біздің пікірімізше, оларды екі жастар тобына бөлу керек: 16-25 жас және 26-34 жас аралығындағы, яғни әр түрлі бірдей кезеңдерге.







3-сурет. ҚР-сындағы жастар еңбек ресурстарының жас шекарасы

Ескертпе автор құрастырған


26 жас және одан асқан кезде жастар 16-25 жас аралығындағы жастармен салыстырғанда, кәсіби тәжірибе алады және олардың басым бөлігі экономика саласында жұмыспен қамтылады. 26-34 жастағы жастар 16-25 жастағы жастармен салыстырғанда, ересек тұрғындарға жақынырақ болады, өйткені олардың қатарына еңбек қатынастарына түскен жұмысбастылықтың белгіленген мәртебесі бар еңбек жасындағы тұлғалар жатады. Оларда өздері орындайтын жұмыс жөніндегі көзқарас қалыптасқан және белгілі бір кәсіби және өмірлік тәжірибе жинақталған. Осы жасқа қарай, көптеген жігіттер мен қыздарда еңбек және кәсіби жетілу, сондай-ақ өндіріс пен кәсіби қызметке бейімделу үдерісі аяқталады.

Жоғарыда аталғандарды қорыта отырып, мынадай қорытынды жасауға болады, яғни жастардың еңбек ресурстары құрамына экономикалық белсенді және экономикалық белсенді емес жастар жатады. (1 кесте).

Жоғарыда айтылғандардың негізінде «жастардың еңбек ресурстары» түсінігіне келесі анықтама ұсынылады.

Қазақстан Республикасындағы жастардың еңбек ресурстары – бұл белгіленген қызметті жүзеге асыру үшін дене күші, білімі мен тәжірибесінің жеткілікті деңгейі бар 16-32 жастағы (жастар арасындағы әйел жынысты еңбек ресурстары) және 16-34 жастағы (жастар арасындағы еркек жынысты еңбек ресурстары) еңбек ресурстары.


1-кесте - Қазақстан Республикасындағы 2006ж. 1-тоқсанындағы 16-34 жастағы экономикалық белсенді халық

Халық санаты / жасы


16-25 жас

26 - 34 жас

мың адам

Барлық тұрғындарға қатысты, (%)

мың адам

Барлық тұрғындарғақатысты, (%)

Экономикалық белсенді халық

754,68

32,67

1 330,62

78,22

Экономикалық белсенді емес халық

1 555,39

67,33

370,48

21,78

Жиыны:

2 310,07

100,0

1 701,10

100,0




Ескертпе Алматы облысы статистика басқармасының мәліметтері бойынша автор құрастырған


Еңбек нарығындағы жастардың жұмысбастылығы мен жұмыссыздығын зерттеу кезінде белгілі бір жастар тобының ерекшеліктерін ескеру керек, өйткені олар әр алуан болып келеді.

Еңбек нарығы қазіргі заманғы экономиканы дамытудың негізгі және стратегиялық бағыттарының бірі болып табылады. Ондағы бар бос орындарды ескере отырып жұмыс күшіне деген сұраныс пен ұсыныс арасындағы балансқа жетумен тұжырымдалатын оның басты міндетін шешу еңбек нарығын қалыптастыру факторларын айқындауды талап етеді.

Нарықтық қатынастар мен еңбек нарығының қалыптасу үрдісі жұмыскердің өндіріс құралдарынан бөлініп, осымен оған заңды еркіндік беру сәтінен басталады. Егер адам еңбегі затқа айналған, өзі жасаған тауарды сата алмаса, онда өзінің өмір сүруіне қаражат табу үшін өзінің жұмыс күшін сатуы тиіс. Сондықтан еңбек нарығын қалыптастырудың негізгі алғышарттарының бірі, бір жағынан, жұмыс орындарын ұсынатын көптеген жұмысберушілердің болуы болып табылса, ал екінші жағынан, тауар ретінде жұмысшы күшін ұсынатын жалдамалы жұмысшылардың болуы болып табылады. Бұл жағдайда аталған көпшілік мемлекет, кәсіпорындарда жұмыс беруші ретінде болатын жоспарлы экономикадағыдай, формальді түрде болмауы тиіс.


Жоғарыда айтылғандарды қорыта келе, біз қазіргі заманғы еңбек нарығының қалыптасуына әсер ететін факторлар ретінде жұмыс күшіне деген сұраныс пен ұсынысты белгілеуге болады деп есептейміз.

В.Ф.Потуданская, В.А.Цыганков, И.В.Цыганкова жұмыскерлердің кәсіби-біліктілік құрылымын қалыптастыруға әсер ететін ұсыныс пен сұраныс факторларын ерекшелейді.

Жұмыс күшіне деген сұраныстың кәсіби-біліктілік құрылымына әсер ететін факторлар туралы айта келіп, осы зерттеушілер шығарылған өнімдер мен қызметтерге сұраныстың өзгеруі, экономикалық-географиялық жағдайы, қаржы-несие жүйесінің жай-күйі және т.б. жататын макроэкономикалық және микроэкономикалық деп бөледі, бұл - кәсіпорын жұмыс істейтін кезеңде еңбекті ұйымдастыру формасы мен басқарудың ұйымдық құрылымы, еңбек құны және т.б.

Жұмыс күшін ұсынудың кәсіби-біліктілік құрылымына әсер ететін факторларды қарастыра отырып, осы зерттеушілер экономикалық, демографиялық және әлеуметтік-психологиялық факторларды анықтады.

Экономикалық әдебиетте зерттеушілер, олардың ішінде Г.Г.Руденко және Б.Ч.Муртозаев ішкі еңбек нарығын қалыптастыру факторын ерекшелейді. Оларға әлеуметтік-экономикалық, аймақтық, ұйымішілік және жекелер жатады. Осы зерттеушілердің пікірлерінше, аталған факторлардың өзара іс-қимылы нәтижесінде еңбек өнімділігі, орындалатын жұмыстар сапасы, іскерлік белсенділік деңгейі, еңбек тәртібінің жай-күйі, еңбек өмірінің сапасы, еңбекке қанағаттанушылық және т.б. осылар сияқты ұйымның еңбек нарығын қалыптастырудың объективті және субъективті бағаланатын нәтижелеріне қол жеткізілуі тиіс.

Аймақтық еңбек нарығының қалыптасуына алуан түрлі факторлар топтары әсер етеді, оларға географиялық орналасуы, табиғи-климаттық жағдайлары, экономиканың негізгі салаларының дамуы және олардың мамандандырылуы, инвестициялық саясат, өңір экономикасының салалық құрылымын сипаттайтын әртараптандыру деңгейі, демографиялық жағдай және басқалар жатады.

Заманауи еңбек нарығының қалыптасуына ықпал ететін факторлар қандай да бір өзіне тән ерекшеліктермен немесе белгілермен жүйеленбеген және топтастырылмаған. Сонымен қатар, жоғарыда көрсетілген факторлармен қатар жастардың еңбек нарығының қалыптасуына басқа факторлар да әсер ететін сияқты. Сондықтан аталған мәселе жеке зерттеу жүргізуді қажетсінеді деп есептейміз.


Бүгінде оның қалыптасуы мен даму үдерісіне тікелей әсер ететін институционалдық, әлеуметтік-психологиялық, ұйымдық, демографиялық, экономикалық және саяси факторларды кешенді зерттеу арқылы жастардың заманауи еңбек нарығын зерттеу қажеттігі пісіп-жетілді. (4-сурет).




4-сурет-Жастардың заманауи еңбек нарығын қалыптастырушы факторлар

Ескертпе автор құрастырған


Мемлекет жұмыспен қамту саясатын жүргізе отырып, жұмыскерлер мен жұмысберушілер арасында құқықтық нормалар мен қатынастардың сақталуына бақылауды жүзеге асырады. Осыған байланысты мұнда еңбек нарығының нормативтік-құқықтық базасының жұмыс істеу тиімділігіне байланысты институционалдық факторлар ерекшеленеді. Институцоналдық факторлар олар үшін, бір жағынан, мемлекет немесе аймақ деңгейінде арнайы мақсатты бағдарламалар жасалатын, екінші жағынан, түрлі жәрдемақылар, стипендиялар, гранттар және т.б. төлеумен байланысты осы бағдарламалар мен түрлі заңнамалық актілер шеңберінде жұмыспен қамту қорлары құрылатын жастардың еңбек ресурстарымен тығыз байланысты.

Жастардың заманауи еңбер нарығының қалыптасуына ықпал ететін факторлардың келесі тобына әлеуметтік-психологиялық фактор жатады. Олардың ішінен кәсіптік бағдар беру, кәсіптік оқыту, бейімделу, мамандықтың беделділігі, еңбек сипатының мазмұны, еңбек қызметінің сипатын ауыстыруға дайын болу, оқу мен жұмысты қатар алып жүру мүмкіндігі, сондай-ақ кәсіби өсу келешегі.

Жастардың кәсіптік бағдарлану үдерісі жалпы білім беретін мектепте өтеді, олардың көпшілігі оны бітіргеннен кейін кәсіптік оқудан, онан соң кәсіпорында еңбекке бейімделуден өтеді.

Мамандықтың беделдігі де, біздің ойымызша, жастар үшін ЖОО-ны таңдауда елеулі фактор болып табылады. Егер 60-70 жылдары КСРО-ның ұлы держава ретіндегі мәртебесін және жаппай қарулануда өз позициясын бейнелейтін мамандықтар (физик-ядрошы, ғарышкер және т.б.) беделді деп есептелсе, қазіргі жастар нарықтық экономика жағдайында ерекше мәнге ие мамандықтар анағұрлым беделді деп есептейді (кәсіпкерлер, жоспарлау, есеп жүйесі мен қаржы саласының қызметкерлері, заңгерлер, ақпараттық қызмет көрсету саласының мамандары және т.б.).


Егер еңбек қызықты және мазмұнды болмаса, онда жастар қызмет сипатын өзгертеді. Жастардың еңбек нарығын қалыптастырудың аталған әлеуметтік-психологиялық факторы едәуір дәрежеде оны жалпы еңбек нарығын қалыптастыру факторларынан ерекшелейді. Өз қызметін ауыстыру туралы шешім қабылдауда жастар шапшаңырақ, өйткені оның көпшілігі аға буынға қарағанда түрлі мәселелермен тауқымет тартып отырған жоқ.

Жастардың еңбек нарығының қалыптасу факторларының басқа тобын жұмыспен қамту қызметімен байланысты ұйымдастырушылық фактор құрайды.

Жастардың еңбек ресурстарының қалыптасуына ықпал етуші демографиялық факторлар жастардың еңбек ресурстарының сандық және сапалық сипатын көрсетеді. Сандық сипаттарын құрайтындарға мыналарды жатқызу керек:

1) жастардың еңбек ресурстарының саны;

2) жастардың еңбек ресурстарының икемділігі;

Жастардың еңбек ресурстарының демографиялық факторларын сапалық құрастырушыларға келесілерді жатқызу керек:

1) жалпы білім беретін, мәдени және кәсіптік-білікті дайындық деңгейі тұрғысынан алғандағы еңбекке қабылетті жастардың сапасы;

2) ой және дене еңбегімен айналысатын жастардың арақатынасы;

3) еңбекке жарамды жастардың еңбекке дене күші жағынан қабілеттілігі және денсаулығының жай-күйі;

4) жастардың еңбек ресурстарының ұлттық-этникалық құрылымы және басқалар.

Жастардың еңбек нарығын қалыптастырудың келесі демографиялық факторы – көші-қон болып табылады.

Экономикалық факторлар есебінен жастардың ауылдық жерлерден қалаға, экономикалық хал-ахуалы нашар аймақтар мен елдерден барынша «бай» жерлерге көшуі туындайды. Жергілікті көші-қон түрі бойынша, көшіп

қону легінде жастардың ауылдан қалаға кетуі басым, ал кері қайту легі жоқтың қасы. Жастар, бұрынғысынша ауылдан қалаға оқуға кетеді, олар оқуын аяқтаған соң, сонда орнығып қайта оралмауға тырысады.

Мемлекет, жұмыспен қамту саласында түрлі шешімдер қабылдау және әр түрлі заңдар әзірлеу арқылы әлеуметтік-экономикалық және демографиялық саясатты жүргізе отырып, тиімді түрде еңбек ресурстарын басқаруға тырысуда. Сондықтан заманауи еңбек нарығын, оның ішінде жастарды қалыптастыру саяси факторлардың әсеріне де байланысты.


Барлық ТМД мемлекеттерінің арасында шетел жұмыс күшін жалдау туралы келісімдерге қол қойылған. Сондықтан интеграция үрдісінің факторлары және басқа елдердегі жастардың кәсіби қызметі жастардың еңбек нарығын қалыптастырудың саяси факторы болып табылады.

Біз қарастырылған еңбек нарығын реттеу жүйесін жүргізіліп жатқан жұмыспен қамту саясаты аясында жүзеге асыру керек деп есептейміз. Жастардың еңбек нарығы туралы айтқанда, біздің ойымызша, мемлекет жастарды оның жоғары емес кәсіптік бәсекелестік қабылеті мен кәсібилігіне барынша қолдау көрсетуі тиіс. Бұл жағдайда, осы қолдау өзінің ықпалы бойынша еңбек нарығы өз бетімен реттеу механизмі көрсететін деңгейден төмен болмауы тиіс.

Жастардың еңбек нарығына қатысты мемлекет жүргізіп отырған саясат мемлекеттік және аймақтық жастар бағдарламалары аясында әр түрлі заңнамалық актілерді іске асыру арқылы жүзеге асырылады. Бұл құжаттарды жүзеге асырудың негізгі мақсаты жастардың заманауи еңбек нарығын қалыптастыруға ықпал ететін тетіктер әрекетінде жастардың түрлі проблемаларын шешу болып табылады. Сондықтан аталған кезеңде институционалдық механизмдердің әрекеті негізгі мәнге ие деп есептейміз.

Институционалдық механизмнің әрекеті кезінде түрлі заңнамалық актілер мен жастар бағдарламаларының негізгі ережелерін жүзеге асыру, өз кезегінде, институционалдық мақсат ретінде болатын жастардың еңбек нарығын реттейтін әлеуметтік және экономикалық механизмдердің тиімді жұмыс істеуіне ықпал етуі тиіс (5-сурет).

Негізгі әлеуметтік механизмдердің бірі, біздің көзқарасымызша, жастарды жұмыспен тиімді қамтамасыз ету механизмі мен оның жұмыссыздық деңгейін төмендету болып табылады. Оның тиімді жұмыс істеуіне келесідей шараларды орындағанда және сақтағанда қол жеткізілуі мүмкін:


  1. жастардың еңбек нарығы проблемаларының аймақтық ерекшеліктерін шешудегі жергілікті өзін-өзі басқару органдарының рөлін күшейту;
  2. мемлекеттік бюджет құралдары мен әлеуметтік бюджеттен тыс қорлар есебінен жастар жұмыссыздығының жоғары деңгейі бар аймақтарда әлеуметтік және экономикалық бағдарламаларды басымдылықпен қаржыландыруды жүзеге асыру;


  3. индустриялық аудандарда, сонымен бірге шағын және орташа қалаларда, моноэкономикалық құрылымды кенттерде жастардың жаппай жұмыссыз болуының жағымсыз салдарын барынша азайту;

  4. жас қызметкерлердің жаппай жұмыстан шығарылуының алдын алу, жастар үшін экономикалық мақсатқа сай бар жұмыс орындарын сақтап қалу және жаңаларын ашу, жаңа прогерссивті өндіріс үшін жас мамандарды қайта даярлаудың озық тәжірибесін жүзеге асыру;

  5. жастардың дәрменсіз ұйымдардағы еңбек құқығын қорғауды, жұмысынан айрылған кезде жастарға тиімді қолдауды қамтамасыз ету;

  6. әлеуметтік қорғау және біліктілікті арттыруды қамтамасыз ету үшін қажетті инфрақұрылым жасай отырып, ірі «жастар құрылыстарын» ұйымдастыру.

Аталған механизм әрекет еткенде жастарға қатысты мемлекеттік жұмыспен қамту қызметінің бірінші кезектегі функцияларын, оның міндеттерінің жастарға қатынасын анықтау қажет, ол біздің ойымызша, келесі мәселелерді қорытындылауы тиіс:

  • жастардың жұмыспен қамтылу деңгейін дамытудың болжамы және жағдайының бағасы, ал сондай-ақ еңбек нарығындағы сол немесе басқа бос орындардың сандары туралы ақпараттандырып отыру;

  • жастардың жұмыспен қамтылуына жәрдемдесу бойынша мақсатты бағдарламалар жобасын жасау, оған оның жұмыстан шығарылу тәуекеліндегі бөлігін, ал сондай-ақ әлеуметтік қорғауға ерекше мұқтаж және жұмыс іздеп қиындық көріп жүргендерді енгізу;

  • қолайлы жұмыс іздеуге, ал жұмыс берушілерге жастар арасынан қажетті жұмыскерлерді іріктеуге жәрдемдесу;

  • кәсіптік бағдар, кәсіптік дайындауды ұйымдастыру, жұмыссыз жастардың қайта даярлау және біліктілігін жоғарылату;

  • жұмыссыздық бойынша жәрдемақы түрінде әр түрлі әлеуметтік төлемдер, жұмыспен қамту қызметі органдарының жолдамасы бойынша оқытылуы кезінде шәкіртақы тағайындау, жұмыссыз жастарға материалдық және басқа да көмектер көрсету.

Жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге байланысты көрсетілетін қызметтерді жұмыспен қамту қызмет органдары тегін ұсынуы тиіс.


Белсенді жастарды экономикалық-әлеуметтік қорғау механизмі мына бағыттар бойынша жүзеге асырылуы тиіс:


  1. жұмыстың заңмен тыйым салынбаған кез-келген қызмет саласындағы түрінде жас адамның құқығын жүзеге асыру;

  2. еңбек қызметі үдерісін қамтамасыз ету, яғни мәжбүрлі еңбекке жібермеу туралы кепілділіктің қатаң орындалуы, жұмыс уақытының ұзақтығының бекітілуі заңдылықтарын сақтау, демалыс және мереке күндерінің, ақылы демалыстың ұсынылуы, жұмыс берушілермен қатынастарында жастардың мүдделерін қорғау үшін кәсіптік одақтар және басқа да бірлестіктер құру;

  3. жалдамалы жұмыскерлер үшін мемлекет бекіткен міндеттемені сақтау мен жалақы мөлшерінің төменгі шегін және инфляция жағдайында табыстардың индексациялануын жүргізу;

  4. жас жұмыскерлердің сандық қысқаруы, кәсіпорынның жойылуы, қайта құрылуы немесе банкротқа ұшырау себептері бойынша еңбек қызметін жалғастыру мүмкіндіктерінен айырылған жағдайлардың болуын шектеу.

Жастардың еңбек нарығын реттеудің әлеуметтік тетігіне жастардың көші-қонын реттеу механизмі де жатады. Жастар, әлеуметтік жік ретінде жалпы көшіп-қонушылар санының үлесін елеулі көбейтеді және көші-қонның басым бөлігінің жастар құбылысы ететін белгілі бір сапалық сипаттамаларды иеленген. Жастарға ата-аналарынан бөлініп, өз бетімен тәуелсіз тұру тілегі тән. Басқа қалаға немесе тіпті басқа елге көшіп-қону өз бетімен өмір сүруді және тәуелсіздікті көбейтеді, жас адамның ересектенуін тездетеді.

Қазіргі жастар халықтың басқа көптеген топтарына қарағанда жоғары бейімделу дәрежесіне ие, бұл олардың жаңа жердегі өмірді игеруі мен реттеуін жеңілдетеді. Сондықтан мемлекет жастардың еңбек нарығындағы көші-қон механизмін реттеу кезінде аталған үдерісті әлеуметтік қорғауға, оңтайлы салық салуға, қаржы және көлікпен қамтамасыз етілуіне, заңдық қолдауға және т.б. тұжырымдалған қажетті құқықтық және экономикалық нормалармен қамтамасыз ету туралы қамқор болуы тиіс.

Жастардың еңбек нарығын реттеудің әлеуметтік тетігіне сондай-ақ кәсіптік білім беру жүйесінің жұмыс істеуін жатқызу керек. Қазіргі жағдайларда оқу орындары өздерінің бағдарламаларын еңбек нарығы талаптарына бейімдеуге тырысады. Сондықтан бұл жерде негізгі курсқа қосымша оқушылардың дүниетанымын кеңейтетін немесе көбіне кәсіптік-техникалық, орта арнайы және жоғары оқу орындарының бірлескен күшімен жүзеге асырылатын біріктірілген бағдарламалар деп аталатынды енгізу қажет. Соңғылары түлектерді «оқып-үйренуге», яғни біртіндеп барлық күрделірек мамандықтарды игеруге және өз қабылетінің деңгейіне байланысты біліктіліктерін арттыруға үйретуге бағытталуы тиіс.






Ескертпе автор құрастырған 5-сурет-Жастардың заманауи еңбек нарығын реттеудің институционалдық механизмінің үлгісі

Орта кәсіптік білім беру механизмдерінің жүйесін дамыту қазіргі уақытта орта, жоғары, жоғарғы оқу орнынан кейінгі кәсіптік және соған сәйкес қосымша білім беру саласында бірыңғай саясат жүргізумен байланыстырылған. Орташа кәсіптік білім беру үздіксіз оқу жүйесінің баспалдағы және мамандарды көп деңгейлі дайындау жүйесі болып табылады. Нарықтық экономикаға көшу жағдайында оның ерекше шарттары мен шаруашылықты жүргізудің жаңа принциптеріне сәйкес болатын кәсіптік білім беру жүйесінің әлеуметтік механизмдерін жасауға қажеттілік туындады.

Экономиканың бүгінгі ахуалы экономикалық болжау теориясы мен практикасының алдына күрделі міндеттер қояды. Соңғы жылдар ішінде экономикада елеулі өзгерістер орын алды және осы мән-жайға байланысты болжамдық зерттеулер проблематикасына деген тәсілдемелер де өзгерді. Бұл әсіресе жұмыспен қамтылу және жұмыссыздық деңгейлерін болжауда, еңбек нарығының таяу болашақтағы ахуалын бағалауда біздің даму типімізге қатысты қандай да бір әзірленген әдістемелердің саны әлі де болса өте аз қазіргі сәтте өзекті болып отыр. Көп нәрсе сынамалар және қателіктер әдісімен орындалуда. Бұл біздің ойымызша, негізінен бүгінгі заманның экономикасының өзінің ашықтығына байланысты әлі де болса біршама тұрақсыз болып табылатынымен байланысты болуы тиіс, өйткені оның дамуына түрлі тұрақсыздандырғыш факторлар теріс ықпал етеді. Әрине, болжамдар әрдайым ақтала бермейді, өйткені нақты өмір әдетте олардың нәтижелерінен өзгешелеу болады. Кейде ондай нәтижелер болжанбаған жағымсыз жағдайлардан – апаттар мен катаклизмалар салдарынан туындайтын регрессивті сипатта болады немесе қазіргі заманғы қоғам өмірінің әлеуметтік, экономикалық, мәдени және басқа салаларындағы жетістіктермен байланысты прогрессивті сипатта болады. М.А. Королев болжауды құбылыстар мен үдерістердің жай-күйі мен ықтимал даму жолдарының белгіленген себеп-салдарлық байланыстары мен заңдылықтары жүйесіне негізделген ғылыми болжам жасау ретінде сипаттайды. Болжам болашақ үшін осы құбылыстар мен үдерістерді сипаттайтын көрсеткіштерді бағалауды топшылайды. Экономикалық демографиядағы неғұрлым кең тараған болжам түрлері халықтың және еңбек ресурстарының санына жасалған болжамдар болып табылады. М.Г. Назаров және М.А. Королев демографиялық болжауды туу мен өлім-жітімнің ықтимал өзгерістері туралы кейбір негізді гипотезалар жағдайында едәуір алшақ немесе жақын болашақтағы халықтың ықтимал санын бағалау ретінде сипаттайды.


Демографиялық болжаудың диапазоны елдің немесе аймақтың халқының болашақтағы санын жалпы бағалаудан халықтың жорамалдағы жас-жыныстық құрамын егжей-тегжейлі есептеуге дейін әр түрлі болуы мүмкін. Демографиялық болжамдар кез келген әлеуметтік болжам жасау мен жоспарлаудың негізінде жатыр. Олар негізінен аталған әлеуметтік үдерістерге болашақ қатысушылардың санын жынысы мен жасы бойынша айқындауға байланысты. Халық санын болжау, өз кезегінде, еңбек нарығындағы еңбек ресурстарының санын болжау үшін негізгі болып табылады.

М.Г. Назаров алда тұрған кезеңге олардың санын есептеуді білдіретін еңбек ресурстарын болжауды жеке жіктейді. Еңбек ресурстарының ең маңызды бөлігі еңбекке жарамды жастағы халық болғандықтан, еңбек ресурстарын болжау, зерттеушінің пікірі бойынша, келешектегі демографиялық ахуалды айқындауға және халықтың жынысы мен жасы бойынша келешектегі санын есептеуге негізделеді.

Жоғарыда айтылғандардың барлығын қорытындылай келе, біз берілген болжау әдістерінің жіктелімі қалай болғанмен де, еңбек нарығында жастардың еңбек ресурстарының санын болжауға деген бірыңғай көзқарасты анықтамайды деп есептейміз. Осыған байланысты, енді қолда бар деректерді, тәжірибені назарға ала отырып, аталған үдерісті әдістемелік әзірлеу және одан әрі зерттеу қажеттілігі туындайды.

Бұл сұрақты шешу үшін еңбек нарығындағы жастар еңбек ресурстарының санын болжау әдістемесі ұсынылады, бұл туу-өлім және механикалық өсім немесе келген кеткендер санына экстраполяциялық тренд құру әдістемесін қолдануға негізделеген.

Табиғи өсім көрсеткіштерін қолдануды қарастыра отырып, туылғандар және қайтыс болғандар санын қандай да бір бөлек-бөлек алынған халықтың жасы үлкен-кішілігіне қарай бөлінген топтары мен еңбек ресурстарын емес, олардың жалпы жиынтығын есепке алу керек. Бұл, біздің ойымызша, халық саны бала туу есебінен ұлғая және өлім-жітім есебінен азая отырып, үнемі динамикада болуына байланысты. Яғни өлім-жітім мен бала туу жекелеген жасы үлкен-кішілігіне қарай бөлінген топтарға емес, оның бүкіл жиынтығына, оның ішінде жастардың еңбек ресурстарына әсерін тигізеді.


Сонымен бірге еңбек ресурстарының болжамды санына көші-қон көрсеткіштері де әсер етеді. Мұнда еңбек ресурстарының саны еңбек ресурстары кеткенде азая, келгенде көбейе отырып динамикада болады. Келгендер мен кеткендер саны арасындағы айырмашылықты көші-қон сальдосы көрсетеді.

Осыған сәйкес, табиғи өсу көрсеткіштері жағдайында, механикалық өсім нәтижесінде келгендер мен кеткендер саны жекелеген жасы үлкен-кішілігіне қарай бөлінген топтарға емес, оның бүкіл жиынтығына, оның ішінде жастардың еңбек ресурстарына әсерін тигізеді.



<< предыдущая страница   следующая страница >>